ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында отқа оранған жер үйден ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Риддер қаласындағы Боровая көшесінде орналасқан 3 бөлмелі жер үйден өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті.
«Барлау барысында кіреберісте еденде 31 жастағы ер адам жатқан. Құтқарушылар оны лезде сыртқа алып шығып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Сондай-ақ жанып жатқан үйден 3 газ баллоны шығарылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Көп ұзамай тілсіз жау толықтай сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.