Риддерде полицей мотоцикл жүргізушісін қуамын деп қағып кетті

Фото: Астана қаласының әкімдігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында мотоциклшілерді тоқтатпақ болған учаскелік инспектордың өзі жол ережесін бұзған. 

ШҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 16 тамыз күні болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода көрінгендей, мотоциклшілерді қуған тәртіп сақшысы қызметтік автокөлікпен қарсы бағытқа шығып, жолдағы тұтас сызықты кесіп өткен.

Соның салдарынан көлік мотоциклшілердің біріне соғылған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

— Учаскелік инспектор жүргізуші куәлігінсіз жүрген үш мотоцикл жүргізушісін ұстамақ болған. Алайда көлік тізгініне ие бола алмай қалды. Қызметтік теріс әрекетке байланысты инспекторға қатысты тексеріс басталды, — делінген ақпаратта.

Ал мотоцикл жүргізушілеріне қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Олар құжатсыз мотоцикл басқарғаны және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Еске салсақ, осыған дейін Қарағанды маңында мотоцикл жүргізушісі қаза болғаны хабарланған