Риддерде табиғаттың тосын мінезінен кейін халық бірнеше күн бойы сусыз қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Риддерде күн райының күрт суытып, қалың қардың жаууына байланысты коммуналдық қызметтердің жұмысынан ақау шықты.
Кеншілер қаласында 3 күн бойы қар толассыз жауып тұр. Сондықтан жауапты қызметтер көшелердегі қарды тазалап үлгермей жатыр. Бұл автобустардың да қозғалысына кедергі келтірді. Бірақ ауа райының тосын мінезі басқалармен салыстырғанда сумен қамтамасыз ету жүйесінің жұмысына едәуір қиындық келдірді.
«Қар жауып, күн суытқан алғашқы күні құбыр жарылған. Таловка мен Полярное шағын аудандарында тұратын мыңға жуық адам сусыз қалды. Бір тәулік ішінде құбыр қалпына келгенімен қалаға құятын Громотуха өзенінде мұз қатып, су арнасы мен «Казцинк» кәсіпорнының құбырлары бітелді», - дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рауан Құрметұлы.
Соның салдарынан 60 мың тұрғыны бар қала екі күн бойы суға жарымай отырды. Тіпті өзеннен жер асты суына көшу де нәтиже бермеді. Себебі көпқабатты үйлерде қысым жеткіліксіз болып, тек төменгі қабаттарда су там-тұмдап ақты.
Ал 2 мыңға жуық жер үйде тұратын халық мүлде сусыз қалған.
«Осылайша, қаладағы құдықтарда ұзын-сонар кезек қалыптасты. «Водоканал» кәсіпорны жұртқа су тасып әкеле бастады. Бірақ қалың қардан көліктер барлық жерге жете алмайды. Үнемі осылай зардап шегеміз. Бізде неге алдын ала дайындалмайды?! Бұл мәселе жыл сайын қайталанып келе жатыр», - деп қала тұрғыны Сергей Ковалев өз наразылығын білдірді.
Толассыз жауған қар өзен бетін қабыршақ мұз болып жапқан. Соның салдарынан риддерліктер мен осындағы тау-кен байыту комбинатына су қолжетімсіз болып қалды. Кәсіпорын өзінің резервте сақтап отырған суын пайдаланса, тұрғындардың амалы құрып, жапа-тармағай дүкен мен құдыққа жүгіруден басқа лажы болмады.
«Водоканал» кәсіпорнының қызметкерлеріне КамАЗ-бен арнайы контейнерлерде тасымалданған құбырларды ыстық сумен қолмен жылытуларына тура келді.
Мәселені шешуге коммуналдық қызметтерге 3 күн уақыт кетті. Әйтеуір қазір сумен қамтамасыз ету жүйесі қалпына келтірілді. Дегенмен бұл жағдай қайталануы мүмкін.
Өткен жылы да қар көшкіні бірнеше күн бойы су арнасын жауып тастаған. ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері табиғатқа әмір жүрмейтінін, бәрін алдын ала толықтай болжау мүмкін еместігін айтады. Десе де желілерді жаңғырту қажеттігі сөзсіз.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да ауа райына байланысты көлік қозғалысына шектеулер қойылып жатқаны хабарланған.