ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында түтін тұмшалаған подъезден 20 адам, оның ішінде 5 бала эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан пәтер иесі пешке тамақ қойып, ұмытып кеткен. Осының салдарынан түтін бүкіл подъез ішіне тарады.
«Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар қауіпсіздік мақсатында 20 адамды эвакуациялады. Оның ішінде 5 бала бар. Содан соң пәтер түтіннен тазартылды. Зардап шеккен ешкім жоқ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте департамент мамандары өңір жұртшылығына пешті пайдаланған кезде барынша мұқият болу керектігін ескертеді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.