Риддерде үйлерін су басқан тұрғындарға келтірілген материалдық залал есептеліп жатыр
Риддер қаласындағы баспаналарын су басқан тұрғындарға келтірілген материалдық залал есептеліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев аталған аймаққа шұғыл барды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар эвакуациялаудан бас тартты.
«Су сорылып, іргетастарды кептіру жұмыстары жүргізілуде. Комиссия тұрғындарға келтірілген зиянның сомасын анықтап жатыр. Қажет болған жағдайда кептіру кезеңінде олар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Жағдайды аймақ басшысы жеке бақылауында ұстауда», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Ермек Көшербаев су басқан жерді қарап шығып, кез келген жекеменшік нысан иесі жауапкершілік мөлшерін сезінуі тиіс екенін атап өтті.
«Егер бұл табиғи апат болса, ол қайталанбас үшін әрекет ету жоспарын ойластыру керек. Жыл сайын мұндай болуы мүмкін емес қой. Бұл мәселені шешудің барлық нұсқасын қарастыру қажет. Олардың ішінен ең оңтайлысын таңдап, ақша бөлу керек», - деді ол.
Еске салсақ, «ЛК ГЭС» ЖШС қызметкерлері су ағызып, Хариузовка өзенінің арнасында мұз қатып, су деңгейі көтеріліп кеткен. Салдарынан 4 аула мен Киров көшесіндегі 2 жер үйді су басқан еді.