Риддерде жел құлатқан ғимараттың шатырынан екі бала зардап шекті
22:12, 01 Сәуір 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында қатты дауыл екі қабатты ғимараттың шатырын ұшырып әкетті. Оқыс оқиғадан екі бала зардап шекті.
Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне ҚР ІІМ ТЖК-ның ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.
«30 наурызда сағат 20.00-де қатты жел (екпіні 20 м/с жетті) Риддер қаласындағы Дрейман көшесінің бойында орналасқан екі қабатты ғимараттың шатырын ұшырып әкетті. Салдарынан 2007 және 2008 жылғы екі бала зардап шекті», - деп хабарлайды ТЖК. Балалар ауруханаға жатқызылған.
Сол күні, қатты жел қалада Луговая көшесінің бойындағы мектептің шатырын құлатты. Ғимараттың 40 шаршы метр жабындысы қирады. Оқиғадан ешкім зардап шекпеді.