РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында көлік жүргізу құқығынан айырылса да, ішімдік ішіп алып рульге отырған ер адам жол апатына түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына қоңырау шалған 68 жастағы зейнеткер 3-ші шағынауданда жол-көлік оқиғасы болғанын айтқан.
Анықталғандай, «Нива» автокөлігін тізгіндеген ер адам үй ауласынан шыға бергенде тұрақта тұрған «Toyota» көлігіне соқтығысып, бірден сол жерден із суытқан.
«Полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігінен айырылса да мас күйде көлік айдаған 57 жастағы қала тұрғынын ұстады. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.