ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарына байланысты тұрғындар жаз бойы ыстық сусыз отырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Риддер ЖЭО» АҚ мәліметіне сүйенсек, 10 мамырдан бастап қала бойынша ыстық су өшірілген. Бұған жылу электр орталығына жөндеу жұмыстарының жүргізілетіндігі себеп.
«Жоспар бойынша орталықтағы қазандықтар өшірілді. Жөндеуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазіргі уақытта жобалаушы ұйымдар ЖЭО-ға келіп, жөндеу жұмыстарына қажетті жобаларды әзірлеу үстінде», - делінген ақпаратта.
Осылайша, қала тұрғындары жаз бойы ыстық сусыз отырады.
Еске салсақ, осыған дейін Риддерде жылыту маусымы аяқталғанын хабарлаған едік.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.