Риддердегі электр желісі құрылысының созбалаңға салынып келе жатқанына 7 жылдан асты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстандағы «сақалды» құрылыстардың бірі — Риддердегі электр желісі. Қарағанда көз құмарын қандыратын көрікті жерлері көп кеншілер шаһарының тіршілігін қыж-қыж қайнатып жіберетін бұл жобаның аяқталмай келе жатқанына 7 жылдан асқан. Бұған не себеп болғанын Kazinform тілшісі зерделеп көрді.
Риддер — аспанмен астасқан Алтай таулары экожүйесінің бір бөлігі. Осында «Батыс Алтай» мемлекеттік табиғи қорығы да орын тепкен. Жаздың өзінде шыңында қар ерімейтін тауы мен ит тұмсығы өтпейтін қалың орманды аймаққа Қазақстанның әр облысынан бөлек, шетелден де туристер келеді. Бірақ сол қонақтар келгенде өркениеттен қалыс қалған мекенді көреді.
— Осында 700 шақырым жол жүріп жеттік. Бүкіл отбасымызбен, туыстарымызбен екі көлікке отырып келдік. Оларды Қазақстан табиғатының сұлулығымен таңқалдырғым келді. Алайда демалыс орындарында электр қуаты жоқ. 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой! Тіпті жарық та жоқ мұнда. Ұялы байланыс пен интернет туралы мүлде жақ ашпай-ақ қояйын, — дейді павлодарлық турист Дархан Әбіқанов.
Облыс билігі бұл мәселеден хабардар. Оның үстіне электр қуаты 2018 жылы қосылуы керек болатын. Бұдан бір жыл бұрын олар Риддерден Ресей Федерациясының шекарасына дейін демалыс орындарын ғана емес, қорықтың өзін де жарықпен қамтамасыз ететін электр желісін тартуға кіріскен. Алайда әлі күнге дейін «баяғы жартас — бір жартас» болып тұр.
Әзірге осындағылар күн батареяларын пайдаланып жүр. Бірақ ол ұялы байланыс үшін ғана жарайды. Әйтеуір кенеттен өрт шығып, көмекке шақыру керек болса — пайдасы тиеді.
— Көбісі тур бағасы неге қымбат деп сұрап жатады. Бізде басқалай болуы мүмкін емес. Себебі үйлерді салуға, жөндеуге, тіпті қонақтарға тамақ дайындауға да бензин генераторын қолданамыз. Бұл орасан шығын, — дейді демалыс базаларының бірінің бұрынғы иесі Александра Кучер.
Бұдан шаршаған әйел кәсібін сатып жіберген. Қазір Риддерде 7 демалыс орны өз жұмысын жалғастыруда.
2017 жылы электр желісін салуға жоспарланған 697 миллионның 436 миллион теңгесі бюджеттен бөлінгенімен, бір жылдан сәл астам уақыт өткен соң жұмыс тұралап қалды. Мердігердің жұмысы сылбыр деп бағаланды. Оның орнына басқасы кірісті. Бірақ ол да жұмысты ұршықша үйіріп әкете алмады. Тіпті бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырғаны үшін сот болып, мердігер ұйымнан 122 млн теңге өндірілді. Риддер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Қуат Мұхамедчинов те орындалмаған жұмыстар туралы актілерге қол қойғаны үшін 4 жылға сотталды.
Сот процесі 2021 жылы ғана аяқталып, жоба қайта қолға алынып, оған тағы 233 миллион теңге бөлінді. Бірақ сол кезде ең маңызды мәселенің беті ашылды. Осы уақыт ішінде орман қоры жерлерін пайдалануға рұқсат алынбаған. Сөйтіп, орманды пайдалануға рұқсат беруге қажетті құжаттарды дайындау жұмыстары бірнеше жылға созылды.
— Біз мәселені шешуге тырыстық, құжаттарды тапсырдық, күттік, хат жаздық. «Қазавтожолға» хабарласып, жер бөліп беруін сұрадық. Өйткені электр желісінің тіректері тасжол бойымен өтеді. Бірақ олар да көмектесе алмады. Соның салдарынан 2021 жылы игерілмей қалған 233 миллион теңге бюджетке қайтарылды. Қазір жоба бойынша мүлде қозғалыс жоқ, — дейді Риддер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Рауан Құрметұлы.