Риддердегі жалғыз қазақ мектебі жабылды ма – әкім жауабы

Шығыс Қазақстан облысында апатты және үш ауысымды мектеп жоқ. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев айтып берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: ШҚО әкімдігі

«Облыста 343 мектеп бар, онда 98 мың бала оқиды. Апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Жыл сайын мектептердің техникалық жағдайын жақсартуға қажетті қаражат бөлінеді. 2025 жылға қарай 5600 оқушыға арналған 15 мектеп салынады, оның ішінде «Жайлы мектеп» аясында 10 мектеп жоспарланып отыр, оның ішінде Өскемен қаласында 5 мектеп, Риддер қаласында – 1, Шемонаиха қаласында – 1, Глубокое ауданында – 3 мектеп салынады», - деді Е. Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, әкім Риддер қаласындағы жалғыз қазақтілді «Шаңырақ» мектебінің жабылуы туралы қауесеттерге жауап берді.

«Жаздың күні «Шаңырақ» атты жалғыз қазақтілді мектеп жабылды деген дау болған еді. Бұл дұрыс емес, анығында бұл мектеп жабылған жоқ. Кезінде жаңа ғимаратқа көшіру туралы уәде берілген және бұл ғимаратқа қазақша және орысша екі мектеп қатар көшірілген. Онда 600 баланың 300-і қазақша, 300-і орысша білім алуда. Келесі жылы Риддер қаласында 1200 орынға 2 мектеп салу жоспарлануда. Сол мектептер құрылысы аяқталғанда мектептер екіге бөлінеді», - деп түсіндірді облыс әкімі.

Мектептердің бірін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде «Қазмырыш» салады. Тағы бір білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жоспарланған.

Сондай-ақ, биыл облыста балабақшаларда жаңа 2700 орын ашылады 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 98,4%-ы орынмен қамтылған.

«Аз қамтылған отбасылардан шыққан 5 мың отбасы балалары балабақшаға тегін барады. 22 мың оқушы мектеп формасымен, аяқ киіммен, жазғы лагерьге жолдамамен қамтамасыз етілген. Президент тапсырмасымен 1-4 сынып оқушыларының барлығы тегін тамақпен қамтылған», - деді Е. Көшербаев.