Естеріңізде болса, жергілікті полиция көлік құралын сақтандыру полисінсіз жүргізіп, әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін Өскемен әкіміне 10 АЕК көлемінде айыппұл салған болатын. Қуат Тұмабаев бұл шешіммен келіспей, сотқа берген-ді.
Бүгін облыстық сотта өткен баспасөз мәслихатында БАҚ-пен жұмыс жөніндегі үйлестіруші судья Назгүл Рахметуллина істе әкімшілік құқықбұзушылық құрам жоқ болғандықтан, сот полиция қаулысының күшін жойғанын айтты.
«Қуат Тұмабаев көлік құралының иесі емес, сондықтан оның іс-әрекетінде Әкімшілік құқық бұзу жөніндегі кодекстің 2-бабында қарастырылған құқықбұзушылық жоқ»,-деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, 16 шілдеде Риддерде жол-көлік апаты орын алып, 19 жастағы Женя Смольников қаза тапқан болатын. Рөлде Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев болған. Оған қатысты сот 1 жылға қоныс колониясында жазасын өтеу туралы үкім шығарған. Ал оның жанында отырған Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев көлік апатынан кейін Құрманбековтың көлігіне отырып, кетіп қалған. 16 маусым күні полиция оған қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Оған «сақтандыру полисінсіз көлік жүргізгені үшін» 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған еді.