Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддер ЖЭО-ның 6 қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,3 млрд теңге бөлінген. Ал орталықтың жылу желілерін жөндеуге 1,1 млрд теңге жұмсалады. Ал сондағы қосалқы жабдықтарды реконструкциялау жұмыстары облыстық бюджеттен қаржыландырылды. Нақты айтқанда, осы мақсатта 570 млн теңге бөлінді.
«Қазіргі уақытта жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қаржы және жұмыс күші жеткілікті. 3 орташа қысымды қазандықтағы жұмыстардың 65%-ы орындалды. Олар бірінші кезекте іске қосылады. Қажетті материалдардың негізгі бөлігі жеткізілген. Кейбір жабдықтар әлі жолда келе жатыр. Бірақ барлығы 5-ші қыркүйектен кешікпей келеді», - дейді Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев.
Оның айтуынша, 15 қыркүйекке дейін қазандықтар іске қосылады. Орталықты жөндеуге керекті қаражат мемлекеттік бюджеттен тек шілде айының соңында бөлінген. Ал оған дейінгі жөндеу жұмыстарына «Қазмырыш» АҚ көмек көрсеткен.
Айта кетейік, қазіргі уақытта ЖЭО-да 500-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Күндізгі ауысымда 400, түнде 100 адам еңбек етуде.
Еске салсақ, былтыр 23 қазанда Риддердегі жылу электр орталығында апат болып, халық жылусыз қалған. Кейін ЖЭО сапасыз мазуттың салдарынан жұмысын тоқтатқаны айтылды.
Жылыту маусымы аяқталғанда орталықтағы барлық 6 қазандық күрделі жөндеуден өтетіндігі хабарланды. Тамыз айының ортасында ондағы күрделі жөндеу жұмыстары жартылай аяқталған еді.