ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында екі күнде 3 ақау шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Риддер ЖЭО» АҚ мәліметіне сүйенсек, бірінші ақау 22 сәуір күні шыққан.
«Отын беру трактында ақау болып, оны жөндеуге 9 сағат уақыт кетті. Ал 23 сәуірде №4 қазандық апаттық жағдайда өшірілді. Бірден резервте тұрған екінші қазандық іске қосылды. Бірақ бес сағаттан кейін екінші қазандықта да ақау болды. Мамандар шұғыл түрде қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды», - делінген ақпаратта.
25 сәуірде бесінші қазандық қайта іске қосылған. Қазір орталықта екі орта қысымды қазандық жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, Риддерде жылу маусымы 29 сәуір күні аяқталмақ.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.