Екі тәуелсіз елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдың 10 желтоқсанында орнаған болатын. Бұл туралы ҚР СІМ-нен хабарлады.
Латвия жұртшылығы үшін танымал суретші Марис Әбілевтің көрмесі ерекше оқиға болды. Қазақтың ұлы таулары, кең даласы, ауылдары мен Алматының апорты бейнеленген суретшінің сүйікті тақырыбы көрмеге келгендерге қазақ халқының табиғаты мен рухын сезінуге мүмкіндік берді.
Журналистер суретшінің тек өнеріне ғана емес, сонымен қатар есіміне де қызығушылық білдірді. Марис Әбілев өзінің есімі неге латышша, ал тегі мен түрі азиатша екендігін айтып берді. Суретшінің әкесі қазақ, ал шешесі 1949 жылы Қазақстанға жер аударылған латыш қызы. 1968 жылдан бері Латвияда тұратын Марис Әбілев, Қазақстандағы өмірінің ең жарқын және бақытты балалық шағымен есінде екенін айтады. Сол сәттің бірі оның өнерінде де орын алған. «Қазақстанда тұратын әртүрлі ұлт өкілдері бір дастарханның басында жиналған. Біреуі өз халқының әнін бастап жібереді, ал қалғандары сөзін білмесе де әннің әуеніне қосылады. Ешкім сен кімсің, бұнда қайдан келдің, деп сұрамайды. Негізінен адамдар зиялы, рухы күшті, кең пейілді және рухани бай болды», - деп суретші Қазақстандағы өмірін еске алады.
Салтанаттың ең шырқау шегі қазақстандық биші Мәдина Андасова мен біздің отандасымыз Натали Сиберганың бишілер мектебінің орындауындағы қазақттың ұлттық билері болды. «Ұлытау», «Шолпан», «Жорға» және «Қамажай» секілді жарқын билер латыш жұртшылығын тамсандырып, қазақ өнеріне тәнті етті.
Осы айтулы күндер шеңберінде Латвия тұрғындары, сондай-ақ қазақстандық суретші-сәулетші Ербосын Мелдібековтің жұмыстарымен танысты. 2014 жылы Еуропаның мәдени қаласы болатын Ригаға тағы бір қазақстандық сыйлық - жетоқсанда Латвия астанасында өткен «Рига симфониясы» мейрімділік фестивалінде «Бозторғай» және «Тансәрі» балалар музыкалық топтарының өнер көрсетуі болды.