Ригадан шыққан экскурсиялық автобус Псков түбінде апатқа ұшырады: 9 адам көз жұмды

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Псков облысының Пустошинский ауданы Забельский болысындағы Кушки ауылының маңында екі автобус қақтығысты. Оның салдарынан 9 адам мерт болды, деп хабарлады РБК.

Жол-көлік апаты шамамен 6-шы қыркүйектен 7-не қараған түні 04:15-те «Мәскеу-Рига» жолының 519-шы шақырымында орын алды. Мұнда «Мәскеу-Рига» бағытында жолға шыққан рейстік автобус пен туристер автобусы соғылып қалған.

Экскурсиялық автобуста 45 адам болған. Бастапқыда апат салдарынан 8 адам қаза болды деп хабарланса, кейін олардың саны тоғызға жетті. Тағы 13 жолаушы жарақаттанды.

Алдын ала болжам бойынша, апаттың орын алуына жолдың қарсы бағытына шығып кеткен Hyundai экскурсиялық автобусының жүргізушісі кінәлі. Қазіргі уақытта апат орнында екі өрт сөндіру бөлімі, құтқарушылар, медицина қызметкерлерінің екі бригадасы жұмыс істеп жатыр. Апат фактісі бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр, қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда.