Рихард Зоргенің ұлы Бакуде үй-күйсіз қалды

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Кеңестік барлаушы Рихард Зоргенің Бакуде тұратын ұлы үй-күйсіз адамға айналған. Бұл туралы Лента.ру AZE.az агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Дереккөздің ақпараты бойынша, ер адам пәтерсіз қалған және зейнетақы да алмайды.

Бакудің белгілі тумасының ұлы үй-күйсіз қалғаны туралы ресми қуаттау әлі түскен жоқ.

Рихард Зорге Сабыншы кентінде (қазір бұл кент Баку құрамына қосылып кеткен) неміс инженерінің отбасында туған. Ол дүниеге келгеннен кейін отбасы Германияға көшіп кетті. Зорге неміс армиясының құрамында Бірінші дүниежүзілік соғыстағы ұрыстарға қатысты. Кейіннен ол солшыл идеямен әуестеніп, КСРО-ға келді және кеңес барлау қызметінің агенті болды.

1930 жылдарда Зорге Жапонияда неміс журналисі, кейіннен неміс елшілігінің қызметкері болып жасады. 1941 жылдан бастап ол КСРО-ға Германияның Кеңес одағына шабуыл жасауы ықтимал екені туралы бірнеше рет хабар берді.

1941 жылы Зоргені жапон полициясы қолға түсіріп, екі жылдан кейін өлтірді. Кеңес өкіметі кейінірек оған қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын берді. Бакуде оның құрметінде саябақ пен көшелердің бірі аталған.