Рим мастерс турнирі: Александр Бублик қарсыласын бет қаратпай ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Рим (Италия) ATP 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.

Фото: Kazinform

Жарыстың 9-ракеткасы болып тіркеліп, екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші рейтингіде 65-сатыдағы аргентиналық Себастьян Баэспен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, онда қазақстандық спортшы басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Бублик бет қаратпады – 6:1. Екінші сетте де 4:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.

Небәрі 59 минутқа созылған бәсекеде Бублик 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Баэс 1 эйспен шектелді.

Александр Бублик төртінші айналымға өту үшін әлемнің 21-ракеткасы, америкалық, 20 жастағы Лернер Тьенмен таласады. Ол екінші айналымда рейтингіде 87-орындағы босниялық Дамир Джумхурды айқын басымдылықпен ұтты – 6:2, 6:1.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 85-орындағы Александр Шевченко екінші айналымда әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановқа жол берді – 4:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Германиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған едік.