Рим Папасы Францияға төрт күндік сапармен барды

АСТАНА. KAZINFORM – Рим Папасы Лев XIV Францияға төрт күндік апостолдық сапармен барды. Париждегі Орли әуежайында понтификті Франция Президенті Эмманюэль Макрон қарсы алды, деп хабарлайды BBC .

Фото: ЕРА

Қарсы алу рәсімінен кейін Лев XIV Елисей сарайына барып, Франция Президентімен келіссөз жүргізді. Шіркеу мен мемлекет өкілдері алдында сөйлеген сөзінде понтифик жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне тоқталды.

– Адамзат «машиналар жұмағының ортасында өзінің адамгершілігін жоғалтып алмауы» керек, – деді Лев XIV.

Рим Папасының Францияға сапары 25-28 қыркүйек аралығына жоспарланған. Сапар бағдарламасына Париж, Лурд және Мец қалалары кірген.

Парижде понтифик ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне және Париж Құдай анасы соборына барады. Сондай-ақ «Стад де Франс» стадионында жастармен кездеседі.

Сапар аясындағы басты іс-шаралардың бірі Парижде өтетін месса болмақ. Оған 500 мыңнан астам адамның қатысуы күтіледі. Бұдан бөлек, Лурдтағы құлшылық рәсіміне қатысу үшін шамамен 150 мың адам тіркелген.

Лурдта Рим Папасы католик дінбасылары тарапынан сексуалдық зорлық-зомбылық көрген кейбір жәбірленушілермен кездесуді жоспарлап отыр.

Сапардың соңғы бағыты – Мец қаласы. Мұнда понтифик бейбітшілік пен Еуропа бірлігіне арналған іс-шараларға қатысады.

Лев XIV 1955 жылы Чикагода дүниеге келген. Рим Папасы болып сайланғанға дейін Роберт Фрэнсис Превост есімімен танылған. Францияға сапары – оның бесінші шетелдік апостолдық сапары.

Айта кетейік, Рим Папасы Лео XIV ЕО-ны көші-қонға қатысты ізгі саясат ұстануға шақырды.