Понтифик 4 шілде, сенбі күні Еуропаның ең оңтүстігіндегі аралға сапарын Жерорта теңізінде қаза тапқан мигранттардың қабіріне гүл қоюдан бастады. Ол үнсіз дұға оқып, қаза тапқандарды еске алды.
Аумағы шамамен 20 шаршы шақырым болатын Лампедуза аралында жергілікті тұрғындармен қатар теңізде қаза тапқан босқындар да жерленеді. Олардың көпшілігінің жеке басы анықталмаған. Зират аумағы үнемі кеңейтіліп келеді.
Лео XIV Еуропалық одақты мигранттарға қатысты ұзақ мерзімді әрі гуманистік ұстаным қалыптастыруға шақырды. Оның айтуынша, Еуропа өзінің географиялық орналасуы мен институционалдық мүмкіндіктерінің арқасында көші-қон дағдарысын кешенді түрде шеше алады.
Понтифик ЕО-ны шұғыл гуманитарлық көмекті қабылдау, қорғау, қолдау және мигранттарды қоғамға бейімдеу шараларын қамтитын ұзақ мерзімді стратегияға енгізуге үндеді. Сонымен қатар мұндай саясат адамдардың туған жерін тастап кетуге мәжбүр болуына жол бермейтін даму тетіктерімен қатар жүруі тиіс екенін айтты.
Оның сөзінше, бұл жұмыстардың барлығы әр адамның қадір-қасиетін сақтай отырып жүзеге асырылуы қажет. Бұл жауапкершілік тек мемлекеттік органдарға ғана емес, азаматтық қоғам мен шіркеуге де жүктеледі.
Тунистің жағалауынан шамамен 140 шақырым жерде орналасқан Лампедуза аралы 2013 жылы болған қайғылы кеме апатынан кейін Еуропада мигранттар дағдарысының символына айналды. Сол кезде Италия жағалауында 368 мигрант суға кеткен. Содан бері Жерорта теңізі бағытымен Еуропаға жетуге талпынған тағы мыңдаған адам қаза тапты.
Халықаралық көші-қон ұйымының Missing Migrants жобасының дерегіне сәйкес, 2014 жылдан бері Жерорта теңізінде жалпы саны 35 070 адам қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен.
Лео XIV өзінен бұрынғы Рим Папасы Франциск бастаған дәстүрді жалғастырды. Франциск 2013 жылы Лампедузаға барып, мигранттардың қауіпті тағдырына әлем назарын аударған еді. Лео XIV те аралда қайықпен келген босқындармен кездесіп, Францискке арналған «Папа Франциск айлағы – келу, үміт және адамгершілік мекені» атты ескерткіш белгіге тағзым етті.
Одан кейін понтифик ашық аспан астында месса өткізіп, Римге оралды.
Айта кетейік, Президенттер кортежін бастап жүретін полицейлерге риза болған Рим папасы оларға Астанадан кетерінде медаль таққан.