Рим Папасы Реджина Коэли түрмесіне барды

Фото: Фото: Анадолы

ВАТИКАН. KAZINFORM — Католик әлемінің рухани көсемі Папа Франциск осы демалыс күндері католиктер атап өтетін Пасха мейрамы қарсаңында түрмеге барды, деп жазды Анадолы.

Ватиканның мәліметінше, Пасха алдындағы бейсенбі күні – яғни «Қасиетті бейсенбіде» – Папа Франциск Римдегі түрмелердің бірінде Иса пайғампар айқышқа шегеленер алдында 12 шәкіртінің аяғын жуғанын еске түсіретін дәстүрлі рәсім аясында Реджина Коэли түрмесіне барды.

Сапар барысында Папа діни білім мен түрмедегі түрлі іс-шараларға тұрақты қатысатын түрлі ұлт өкілдерінен құралған 70 тұтқынмен кездесті.

Түрме директоры Клаудия Клементи барлық тұтқындардың атынан Папа Францискіге алғысын білдірді.

Жақында өзі ауыр бронхит пен екіжақты пневмонияға шалдыққанын айтып өткен Папа:

– Мен жыл сайын Қасиетті бейсенбіде Исаның ізімен түрмеде тұтқындардың аяғын жуу рәсімін өткізуді ұнатамын. Биыл денсаулығыма байланысты бұл рәсімді өткізе алмаймын, бірақ сіздердің жанұяларыңыз үшін дұға етіп, сіздермен бірге болғым келеді, – деді.

Папа Франциск түрмеде бар болғаны 30 минут уақыт болды.

Бұрынғы жылдардан өзгеше, биыл денсаулығын қалпына келтіріп жатқан Папа Пасхаға арналған діни рәсімдерді өзі өткізбейді.

Еске сала кетейік, 14 ақпанда Папа Франциск ауыр бронхитке байланысты Римдегі Джемелли ауруханасына жатқызылған болатын. Ол 23 наурызда 38 күндік емнен кейін екіжақты пневмония диагнозымен ауруханадан шықты.

Қазір Папа ем қабылдап жүр және тек маңызды шараларда ғана қысқа уақытқа көпшілік алдына шығып жүр.