Рим Папасы елімізге сапары қарсаңында домбыра жайында мәліметтермен танысқан - депутат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келген Рим Папасы Франциск ұлттық аспабымыз домбыра туралы көп мәліметпен танысқан. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасындағы «Жаңа уақыт» бағдарламасына сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Қапбарова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен жиын өтті. Онда Рим Папасы қазақстандықтарға сөз арнауын айтты. Ол өз сөзінде қазақтың дәстүрі мен мәдениетіне тоқталды. Әсіресе, біздің ұлттық аспабымыз домбыра туралы көп мәліметпен танысыпты. Қазақстанға ат басын бұрғасын, оның мәдениеті мен адамгершілік қағидаларын әбден зерттеген болуы керек. 2000-шы жылдардан бері Қазақстан рухани пікіралмасу алаңы болып отыр. Бұл бағытта еліміз әлемдік жағдайды жақсартуда гуманистік қадам жасап келеді. Алғашқы съезге әлемнің 13 елінен келген делегация қатысқан болса, биыл 50 мемлекеттен 100-ден аса делегаттар қатысып отыр», - деді Айгүл Қапбарова.

Сұхбат барысында Мәжіліс депутаты Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне орай, қазір әлем елдерінің назары Қазақстанда екенін атап өтті.

«Мұндай съезді өткізу – Қазақстанның сыртқы саясаттағы үлкен жеңісі. Өйткені, қазіргі кезеңде көптеген елдерде шиеленіс болып жатыр. Сондықтан Рим папасы Мемлекет басшысының шақыртуын қабыл алып, съезге арнайы келді. Белді дін лидерлері қақтығыстар мен шиеленістерді бейбіт жолмен шешу үшін бас қосуда», - деп мәлім етті депутат.

Айгүл Қапбарованың мәліметінше, съезд қорытындысы бойынша қабылданатын декларация Біріккен ұлттар ассамблеясында ресми құжат ретінде бекітіледі.


Фото: aptamedia.kz