Сейсенбі, 5 мамыр күні басталатын Рим WTA 1000 турнирінде Елена Рыбакина екінші ракетка ретінде тіркелген. Ол екінші айналымда әлемнің 47-ракеткасы, грекиялық Мария Саккари немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен ойнайды.
Рейтингіде 77-орындағы Юлия Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 48-ракеткасы, 19 жастағы чехиялық Тереза Валентовамен шеберлік байқасады. Ю.Путинцева осының алдында Мадридте Т.Валентованы 6:4, 4:6, 6:3 есебімен жеңген болатын.
Е.Рыбакинаның 2023 жылы Римде жеңімпаз атанғаны белгілі. Өткен жылы сәтсіз өнер көрсеткен Елена үшінші, ал Ю.Путинцева екінші айналымнан аса алмаған еді.
Е.Рыбакинаның басты қарсыластарының бірі, әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко 2025 жылы ширек финалға дейін жеткен еді.
Ерлер арасында Рим мастерс турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик доданы екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 63-ракеткасы, америкалық Дженсон Бруксби немесе рейтингіде одан екі саты төмен тұрған аргентиналық Себастьян Баэстің қай жеңгенімен кездеседі.
Рейтингіде 85-орындағы Александр Шевченконың алғашқы қарсыласы – әлемнің 61-ракеткасы, аргентиналық Камило Уго Карабельи. Одан өтсе, әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Карен Хачанов күтіп тұр.
Өткен жылы А.Бублик екінші, А.Шевченко бірінші айналымда-ақ сүрінген еді.
Қазақстандық теннисшілер өткен жылғы нәтижелерін жақсартса, рейтингілік ұпай қорын молайта алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның WTA чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқанын жазған едік.