Римде әйгілі фильмдерде пайдаланылған мүсіндер көрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Римде ерекше көрме ашылды. Оған әлемге әйгілі фильмдерде пайдаланылған 300 мүсін қойылған, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.

Мүсіндердің ішінде ең танымалы - Ридли Скоттың «Гладиаторындағы» биіктігі бес метр Марс мүсіні. Фильмде Колизейге гладиаторларды жеткізген құлсаудагері Проксимо, осы пұттың алдында дұға тілеп, сәттілік сұрайды. Сондай-ақ, көрмеге келушілер Джозеф Манкевичтің туындысындағы Клеопатраның жатын орнын, Феллинидің «Тәтті өмір» киносындағы Иса пайғамбардың мүсінін тамашалай алады. Италияның «Чинечитта» киностудиясы 80 жыл ішінде 3 мыңнан астам туынды түсірген. Оның 47-сі «Оскар» сыйлығын алған. 

«Әдетте «Оскар» сыйлығы сценографтарға беріледі. Егер қазылар алқасы сахна көріністерін жоғары бағалап жатса, онда біздің де еңбегіміз бағаланғаны деп білемін. Яғни біздің еңбегіміздің еленуі, жобалардың сапалы және сәтті жүзеге асуының белгісі», - дейді мүсінші Адриано Де Анджелис.

Мұнда мүсіндерден бөлек, танымал фильмдерге арнайы жасалған ерекше декорацияларды да тамашалауға болады. Оның ішінде былтыр Тимур Бекмамбетовтің «Бен Гур» туындысы үшін жасалған Рим циркі де бар. Сол жерде режиссер күйме жеккен аттар жарысын түсірген.