Римде көлік жылдамдығы сағатына 30 шақырымға дейін шектелді

Фото: Anadolu Ajansı

АСТАНА. KAZINFORM – Италия астанасы Рим қаласының орталығында көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 30 шақырымға дейін шектелді. Бұл туралы Anadolu хабарлайды.

Муниципалитеттің 14 қаңтарда ресми жарияланған шешіміне сәйкес, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында қала орталығындағы шектеулі қозғалыс аймақтарында (ZTL), сондай-ақ шамамен 1 000 көшеде жүргізушілер үшін жаңа жылдамдық шегі енгізілді.

Осыған байланысты жол қозғалысына жауапты қалалық полиция шектеу енгізілген аумақтарда патрульдеу мен бақылауды күшейтті.

Рим муниципалдық кеңесінің көлік мәселесіне жауапты мүшесі Эудженио Патане бұл шара жол-көлік оқиғалары мен адам шығынын азайтуға бағытталғанын атап өтті.

Оның айтуынша, қаладағы негізгі көшелердің бірі – Кристофор Колумб даңғылында жылдамдықты бақылауға арналған жаңа камералар орнатылады. Сонымен қатар бүкіл қала бойынша қауіпсіздігі күшейтілген 175 жаңа жаяу жүргіншілер өткелі салынбақ.

Айта кетейік, Италияның солтүстігіндегі Болонья қаласында осындай жылдамдық шектеуі екі жыл бұрын енгізілген болатын. Бұл шешім сол кезде орталық үкіметтің сын пікіріне қарамастан қабылданған.

Бұған дейін Италия курортындағы аспалы жолда апат болып, туристерді тікұшақпен эвакуациялағаны хабарланды.