Римде өтетін Израиль мен Ливан келіссөздері қазанға шегерілді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Израиль мен Ливан шекарасындағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған келісімді іске асыру бойынша бітімгершілік жұмыстарын жалғастырып келеді.

Фото: АҚШ Мемлекеттік департаменті

Келесі аптада Римде өтуге тиіс Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздердің жаңа раунды қазанға шегерілді. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі жексенбіде Reuters-ке мәлімдеді.

Бұған дейін келіссөздерді 15-16 қыркүйекте өткізу жоспарланғаны туралы хабарлаған едік. 

Римдегі кездесу кейінге шегерілгеніне қарамастан, Израиль мен Ливан елшілері келесі аптада АҚШ Мемлекеттік департаментінде жүздеседі. Кездесуде Вашингтонның қатысуымен жасалған негіздемелік келісімнің жүзеге асырылу барысы талқыланады.

— Келісімді одан әрі жүзеге асыру Ливанның егемендігін қалпына келтірудің және Израильдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз тиімді тетігі болып қала береді, — деді АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі.

Израиль шенеунігінің айтуынша, кездесу тараптардың жұмыс кестесі сәйкес келмеуіне байланысты кейінге шегерілген. AFP мәліметінше, бұған БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына дайындық, қыркүйектегі еврей мерекелері және Ливан Қарулы күштерін қолдауға арналған Париж конференциясы да себеп болған. Келіссөздердің қазан айындағы нақты күні әлі белгіленген жоқ.

Ливан президенті Жозеф Аун қазіргі уақытта Израильмен жаңа келіссөздер жүргізіліп жатпағанын растады.

Маусымда жасалған үшжақты негіздемелік келісім мемлекеттік емес қарулы құрылымдарды қарусыздандыруды, Израиль әскерін Ливанның оңтүстігінен кезең-кезеңімен шығаруды және бұл аумаққа Ливан армиясының бөлімдерін орналастыруды көздейді. «Хезболла» қозғалысы мен оның одақтастары бұл келісімді қолдамайды.

Келіссөздердің жетінші раунды тамызда Римде аумақтық мәселелер бойынша нақты нәтижеге қол жеткізілмей аяқталды. 

Израиль әскері Ливан аумағында құрылған, тереңдігі шамамен 10 шақырым болатын буферлік аймақта әлі де тұр. Израиль бұл әскердің онда орналасуын солтүстіктегі елді мекендерді «Хезболланың» шабуылдарынан қорғау қажеттігімен түсіндіреді.

Сәуірде жарияланған атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, тараптардың өзара шабуылдары төмен қарқынмен әлі де жалғасып жатыр. Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, наурыздан бері Израильдің соққыларынан 4,3 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Бірнеше күн бұрын Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» қозғалысына тиесілі туннельдер орналасқан тау жотасын жарып жіберді. Жарылыс күші 4,1 балдық жерасты дүмпулеріне себеп болды.

Бұған дейін Израиль әскери ұшақтары Ливанның оңтүстігіне бірнеше рет соққы жасағаны хабарланған болатын.

 

Ақзат Бақытжанқызы