Ринат Зайыт вице-премьерден мәдениет саласындағы «қара тізім» мәселесін шешуге көмек сұрады

Фото: ҚР Парламентінің Мәжілісі

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайыт Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтан мәдениет саласындағы «қара тізім» мәселесін шешуге көмек сұрады. 

Ринат Зайыт сауалын анимация саласындағы проблемадан бастаған.

— Қазақстандағы фактіге келсек, «Қазақфильм мен „Қазақ анимациясы“ бірлестігі 5 жылда 1,4 млрд теңгеге 47 анимациялық фильм жасады деген есеп бар. Мұндай қаржыландырудан кейін неге серпіліс болған фильмнің төртеуі ғана телеарналардан көрсетілді. Қалғаны эфирге де, экранға да, ешқайда шыққан жоқ. Kazakh Animation дейтін 475 оқырманы бар арнасы бар. Соған 12 мультфильм қойылған. Ең көп қаралым жинаған біреуі ғана — 44 мың. Бұл енді қиын жағдай ғой. Қазіргі маркетингтің, цифрландырудың заманында біз неге артта қалып қалып жатырмыз? Ақша бар, аудитория түсірген өнімдер неге жетпейді? Анимацияға бөлінген ақша неге ілгерілеуге жол ашпай отыр, — деді ол.

Сондай-ақ, депутат мәдениет аласында «қара тізім» деген жағымсыз тенденция қайтадан белең алып келе жатқанын мәлімдеді.

— Ермек Беделбайұлы, біздің қоғамда «қара тізім» деген бәле бар. Мен өзім де бірнеше рет болғанмын онда. Қазір де соның әңгімесі шығып жатыр. Осы «қара тізім» бойынша көмектесуге қалай қарайсыз, — деді Ринат Зайыт.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева анимация саласындағы мәселелердің орынды көтеріліп отырғанын айтты.

— Біз бұл мәселемен екі жылдан бері айналысып келеміз. Шынын айту керек, бірінші кезекте өнім жоқ болды. Екіншіден, сіз айтқан 47 өнімді бұқара халыққа көрсету үшін құқықтық негіз жоқ болды. Халықаралық шарт бойынша ондай өнімдер әр түрлі деңгейдегі халықаралық фестивальдің шеңберінде байқаулардан өтуі керек. Сондықтан бұл жұмыс істеліп жатыр. Соның ішінде 47 өнімнің жартысы халықаралық байқаудан өтті. Басқалары фестивальдерге қатыстырылып жатыр. Өзіңіз айтып отырған бұл мәселеде арнайы маркетинг, стриминг жүйелерде тарату жүйесі болған жоқ. Оны біз 2024 жылдан бастап қолға алдық. Қазір жаңа анимациялық өнімдердің 25-і «Қазақстан» ұлттық арнасында, 69-ы «Хабар» телеарнасында орнатылды, — деді ол.

Ал Ермек Көшербаев «қара тізім» мәселесін айналып өтіп жауап берді.

— Бұл өте маңызды сұрақ. Себебі ұлттық идеологиямызға жатады. Келер ұрпақ қай тілде сөйлейді, қай ұлттың мүшелері болады, өте маңызды. Айтылған сын өте орынды. Иә, осындай ақшамен бұл сала дамуы керек еді. Соңғы кезде кинематография, анимация салаларында бірталай өзгеріс енгізіліп жатыр. Бұл жерде тағы кәсіптік мәселелер өте маңызды. Жақын арада бұл мәселені қозғалтамыз деп ойлап отырмын, — деді вице-премьер.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында «Қазақфильм» мен «Қазақанимация» мекемелерінің төңірегіндегі дауға пікір білдірген еді