Копакабана жағажайындағы концерт колумбиялық әншінің «Әйелдер енді жыламайды» атты әлемдік турнесінің бір бөлігі болды. Шакира барлық хит әндерін орындап, концертті футболшы Жерар Пикемен ажырасқаннан кейін жазылған BZRP Music Sessions #53/66 әнімен аяқтады.
— Біз, әйелдер, әр құлаған сайын қайта тұрып, сәл болса да дана бола түсеміз, — деді әнші.
Адамдар әйгілі жағажайға таңертеңнен бастап жинала бастаған, олардың көпшілігі Латын Америкасының басқа елдерінен келген. Шакираның концерті, сондай-ақ Сан-Паулуда өткен Bad Bunny концерттері «Бразилия, Пуэрто-Рико, Колумбия және басқа да елдер Латын Америкасының бір бөлігі екенін көрсетеді. Ал Америка — тек АҚШ емес, — дейді келгендердің бірі Хеллем Соуза да Силва.
Қала мэрі Эдуардо Кавальеренің X желісінде жазуынша, концертке 2 миллион адам қатысқан. Бұған дейін осы жағажайда Мадонна мен Леди Гага өнер көрсеткен. Тегін концерттер — қала әкімдігінің саясатының бір бөлігі: «Шоуларға салынған инвестиция бізге 40 есе қаржылық қайтарым әкеледі», — деді Кавальере.
Шакираның концертіне келген туристердің арқасында қала қазынасына қосымша 155 млн доллар түседі деп болжанған.
Айта кетейік, әлемдік эстрада жұлдыздары – рэп орындаушы Эминем мен әнші Шакира 2026 жылы Алматыда концерт беруі мүмкін. Алайда бұл концерттердің өтетін күні мен орны әзірше нақты белгіленбеген.