Рио Олимпиадасында ОҚО-дан 21 спортшы сынға түседі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Б.Атамқұлов облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Ә.Нұртаевты қабылдады. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде тараптар 5 тамыз күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жалауы көтерілетін жазғы Олимпиада ойындарында Оңтүстіктің ғана емес, бүкіл еліміздің намысын қорғайтын спортшылар жайын талқылады.

Өңірлік спортшыларының дайындығы туралы баяндап, бірқатар сайыпқырандарымыздың кейбір спорт түрлері бойынша Латын Америкасында дайындығын пысықтап жатқанын айтқан басқарма басшысы өзі бастаған делегацияның 2 тамызда кешке қарай жолға шығатынын жеткізді. 

Өз кезегінде, облыс әкімі байрақты бәсекеде спортшыларымыздың жұлдызы жанатынына сенім білдіріп, жерлестерімізге сәттілік тіледі. 

Айта кеткен жөн, Риода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында Оңтүстік Қазақстан облысының атынан 21 спортшы сынға түсетін болады. Олимпиадалық аренаға алғашқы болып дзюдошыларымыз шығады деп күтілуде.