Рио үміттері: Гүзел Манюрова Олимпиада алтынына қол жеткізе ала ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио Олимпиадасына санаулы күндер ғана қалды. Енді 16 күннен кейін биылғы жылдың басты додасының алауы тұтанады.

Біз бүгін осы сында ел намысын қорғайтын балуан қыздарымыз арасындағы соңғы балуанымыздың кім екенін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Рио Олимпиадасына әйелдер күресінен төрт балуан қызымыз Жұлдыз Ешімова (48 келі), Екатерина Ларионова (63 келі), Эльмира Сыздықова (69 келі), Гүзел Манюрова (75 келі) жолдама жеңіп алғаны жайында, олардың кімдер екенін жеке-жеке таныстырып өттік.

Бүгін Гүзел Манюроваға да (75 келі) кезек келіп жетті.

Гүзел  Манюрова

Туған күні:

24 қаңтар 1978 жылы туған

Туған жері:

Ресей

Салмақ санаты:

75 келі

Жаттықтырушы:

У. Ы. Умаров

Азия чемпионы (2010, 2011, 2012), Голден Гран-при ІІ орын (2010), Жазғы Азия Ойындарында ІІІ орын (2010), Жазғы Олимпиада Ойындарында ІІІ орын (2012), әлем чемпионатында ІІ орын (2012).

Гүзел Манюрованың балалық шағы Қазақстанда, Байқоңыр айлағының Ленинск-5 жабық қалашығында өткен.

Көп ұзамай оның ата-анасы Мәскеуге қоныс аударды. 2010 жылға дейін қыздың спорттық мансабы Ресеймен байланысты болды. Мектепті аяқтағаннан кейін Гүзел Скрябин атындағы Мәскеу ветеринарлық академиясына оқуға түсіп, күндізгі бөлімде алты жыл білім алды. Бірақ спортқа деген ынтасының арқасында Гүзел жоғары сыныптарда айкидомен айналыса бастады. Ал 17 жасында қара белбеуге қол жеткізіп, жаттықтырушылық қызметпен айналысуға рұқсат алды.

Айкидо күресімен айналысып жүргенде Гүзелдің жетістіктері өрге домалап, нәтижесінде айкидоның үшінші Айкикай данына қол жеткізді. Бірақ 2002 жылы оның еркін күреске ықыласы ауып, осы жекпе-жектің жаттықтырушылары С. Масьянов мен А.Колывановтың қамқорлығына өтті.

Тәжірибелі мамандар талантты қызды жазбай танып, нәтижесінде 2004 жылы ол еркін күрестен Еуропа чемпионатында жеңіске жетті.

Сондай-ақ, Афины Олимпиадасының күміс медалын иемденді. 2005 және 2007 жылдары Гүзел екі рет Ресейдің чемпионы атағына қол жеткізді.

2008 жылы Бейжің Олимпиадасына Гүзел Манюрова қатыса алмады. Араға екі жыл салып Гүзел Қазақстанға қоныс аударып, азаматтығын өзгертті. Сол уақыттан бастап қазақстандық спорттағы жарқын сәттері басталды. Өзі біздің отандық тілшілерге берген бір сұхбатында «Осындай шешімді қабылдағаныма шексіз ризамын! Қазақстан маған екінші спорттық өмір сыйлады. Осы елде менің мансабымның жарқын белестері басталды. Мен бұл елге қарыздармын», деген болатын. Талантты спортшының келуі құрамаға жаңа серпін берді. Ол үш рет, 2010, 2011 және 2012 жылдары Азия чемпионатын жеңіп алды.

2011 жылы Стамбулда өткен әлем чемпионатында Гүзел бесінші орынға жайғасып, 2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиадалық ойындарға жолдама алды. Сөйтіп, Ұлыбритания астанасында спортшы қыз жеңіс тұғырының төменгі сатысына жайғасып, Қазақстан қоржынына қола медаль салды.

Елге оралғанда оны тосынсый - әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы лауазымы күтіп тұрды.

Осыдан кейін Гүзел Қазақстанның әйелдер құрамасының жаттықтырушылар штабын басқарды. Осы құрметті лауазымды басқара жүріп, өзі де балуандармен бірге боз кілемнің көрігін қыздырып жүрді.  Сонымен, Рио Олимпиадасына да жолдама жеңіп алды. Енді ол Риода байрағымызды тағы бір мәрте желбіретуге сақадай сай.