Төрт америкалық компания Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында басы дауға іліккен АҚШ-тың Олимпиада чемпионы Райан Лохтемен арадағы демеушілік келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдаған. Олар - Speedo USA (жүзуге арналған киім мен жабдықтар өндіреді), Ralph Lauren сәнді маркасы, Syneron-Candela косметикалық компаниясы және матрас өндіретін Airweave Lcc компаниясы.
Риода Лохте мен оның достары өздерін полициямыз деп таныстырған біреулер тонап кетті деп хабарлаған еді, кейіннен оның өтірік екені анықталды. Мұны естіген компаниялар дереу чемпионмен келісімшартты бұзатындарын жариялады.
«Біз өз брендіміздің құндылықтарына қайшы келетін бұл қылықпен келісе алмаймыз», - делінген Speedo мәлімдемесінде.
14 тамызда Лохте және тағы үш америкалық жүзуші Риодағы бензин колонкасындағы дәретхана есігін сындырған. Олар қаладағы сауық кешінен Олимпиада қалашығына қайтып келе жатқан.