Риши Cунактың партияластары арасында беделі түсе бастады
Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунактың сайлаушылар алдында ғана емес, партияластары арасында да беделі түсе бастады. Осы аптада ол Руандаға заңсыз мигранттарды жер аудару заңнамасын парламентте өткізгенімен алақайлауына әлі ерте. Өйткені заң толық қабылданбады және партиясында ауызбіршілік жоқ. Торилер аққу, шортан һәм шаянның кебін киіп, ортақ мәмілеге келе алмай жүр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Руанда бойынша заң жобасын жүзеге асырудың бірінші кезеңі Қауымдар палатасы арқылы оңай өтті. Депутаттардың көпшілігі Премьер-Министрдің бастамасын қолдады.
Бұл — Жоғарғы соттың шешіміне қарамастан заңсыз мигранттар Африкаға жөнелтілуі мүмкін деген сөз.
Дейтұрғанымен, Риши Сунакты үлкен сынақтар күтіп тұр дейді оның серіктестері. Премьер-министр шағын қайықтарға шүйлігудің орнына назарын бұдан да маңызды мәселелерге аударуы керек-мыс.
«Біз бәріміз премьер-министрдің жетістікке жеткенін қалаймыз. Ол қайықтарды тоқтатуға уәде берді, бірақ үкімет заң жобасын қайтарып алып, одан да нәтижелі жұмыс істейтін жаңа нұсқасын дайындағаны дұрыс болар еді», — дейді Ұлыбритания парламентінің мүшесі Марк Франсуа.
Жоспар жәйімен қалды. Рейтингтер Риши Сунакты мақтап тұрған жоқ. Билік партиясындағы әріптестері де оны жақтамай отыр. Торилер азаматтық соғыс жағдайында жүргендей.
Бұған консерваторлардың өз көшбасшысын тақтан құлатуға әуестігін қосыңыз. 2019 жылы өткен жалпы сайлауда жеңіске жетіп, былыққа әбден батқан Борис Джонсон үш жылдан кейін қызметінен қуылды.
Лиз Трасс экономикалық саясатты сәтсіз жүргізгені үшін 50 күннен кейін отставкаға кетуге мәжбүр болды.
«Тағы да Торилер партиясы сәтсіздікке ұшырады, ал біз олардың қателіктері үшін жауап беріп жатырмыз. Қазір премьердің ойыны осылды, әбден шаршады. Өткен аптада партияластары ол туралы „қолынан іс келмейді“, „тәжірибесіз“, „тәкаппар“ және „нашар саясаткер“ деп айтқан болатын», — деді оппозициялық Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.
Тори партиясы бірнеше қарсыластар лагеріне бөлінгендей. Консерваторлар сайлау науқанының жетекшісі ескерту жасап, оларды бірлікке шақырды.
Қараша айында Ішкі істер министрі қызметінен босатылған Суэлла Браверман да Торилердің жеңіліске қарай бет алғаныy айтып, бетіне басқан болатын.
«Егер біз сәтсіздікке ұшырауы мүмкін тағы бір заң жобасын қабылдасақ, консерваторлар елдің есінде қалмайтын партия мүшелеріне айналуы мүмкін. Біз жеңіс үшін күресеміз бе, әлде партиямыздың жойылуына жол береміз бе?» — деді Ұлыбритания Ішкі істер министрлігінің бұрынғы министрі Суэлла Браверман.
«Риши — мәселелерді мықты шешеді». Даунинг-стриттегілер дәл осылай айтқанды ұнатады.
Жылдың бірінші жартысында Сунак шынымен де кей күрделі мәселелердің шешімін тапты.
Мысалы, «Виндзор келісімі» атты жаңа мәміле Солтүстік Ирландия мен Ұлыбритания арасындағы тауар тасымалына бөгет болған кедендік тексерулерді жүйеледі. Бірақ ол туралы қоғамдық пікір өзгермеді.
«Менің ойымша, үкімет орындалуы неғайбыл жоспарлар құрады. Ақшаны ысырап етеді. Олар назарды басқа арнаға бұруы керек”, — дейді 70 жастағы зейнеткер Майк Крэйг.
«Сунактың жоспарлары жүзеге аспайды. Ол туралы үкіметтегілер пессимистік көзқараста. Иә, премьер сәл ойланғаны жөн», — дейді 73 жастағы зейнеткер Кэтрин Эгберт.
Сунак Ұлыбританияны жасыл энергетика бойынша әлемдегі ірі мемлекет санайды, бірақ Солтүстік теңізде мұнай мен газды бұрғылауға рұқсат етіп отыр. Елге шетелдік жұмысшыларды көбірек тартуға тасырма беріп, 3 айдан кейін айнып қалды.
Өйткені заңды көші-қон деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті. Сондай-ақ Торидің бұрынғы басшыларын жамандап, экс премьер-министр Дэвид Кэмеронды қызметке шақырады.
Бұған Грекиямен жақында болған дипломатиялық дауды қосыңыз.
Қарама-қайшылықтарға толы іс-әрекеті мен стратегиялық көшбасшылықтың болмауы алдағы сайлауда сәтсіздікке әкелуі мүмкін, деп Торилердің өздері айтып отыр.