Робот математикадан ұлттық емтихан тапсырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда 7 маусымда AI-MATHS роботы басқа талапкерлермен қатар, математика колледжіне түсу емтиханын тапсырып көрмекші, деп хабарлайды China Daily .

Роботты 2015 жылы жасап, кейін жетілдіріп келе жатқан AI Chengdu Zhunxingyunxue Technology компаниясының мәлімдеуінше, ол 10 мыңға жуық математикалық тапсырмаларды шешіп үйренген.

Наурыз айында ол математикалық тестке қатысып 150-ден 93 балл жинаған. Ал, оқушылар жинаған балдың орташа көрсеткіші - 106. Құрастырушылардың айтуынша, робот «инвестициялар» сынды терминдер кездесетін кей тапсырмаларды дұрыс түсінбеген. Дегенмен, олар AI-MATHS бұл жолы 110 балл жинайды деп күтуде.

Қытайдағы Ғылым және технология министрлігінің жоспарына сәйкес, 2020 жылға қарай елде әлемнің кез келген университетіне емтихан тапсыра алатын роботтар құрастырылуы тиіс.