Роджер Федерер мен Новак Джокович - финалда!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үлкен теннистен Америка ашық додасы өз мәресіне жетіп те қалды. Ертең, жексенбі күні теннистен ерлер арасында финалдық керемет кездесу өтеді. 13 қыркүйек күні Америка жұртшылығы алдында швейцариялық Роджер Федерер мен сербтік Новак Джокович кім мықты екенін анықтайды.

Айта кету керек, кеше жартылай финал ойындары өтті. Ерлер сынында екі фаворит өз матчтарын бір деммен өткізіп, қарсыластарына ешқандай мүмкіндік бермеді. Әрине, ол екеуі осы жылдың, мүмкін тіпті соңғы жылдардың керемет теннисшілері дей аламыз. Әлемдік рейтингте бірінші тұрған сербтік Новак Джокович пен швейцариялық маэстро, үш мәрте әлемнің үздік спортшысы атанған, 34 жасар Роджер Федерер арасында тағы да керемет финалдық ойын өтеді.

Олар осы жылдың өзінде бес рет финалда кездесті. Үшеуін Новак ұтқан болса, қалған екеуін Федерер өз пайдасына шешкен еді. Федерер 2009 жылдан бері осы АҚШ чемпионатының финалына шыға алмай жүрді. Осы жылы бапкері Стефан Едберг пен Северен Лютидің кеңес беруімен үлкен дайындықтар жүргізіп, жоғары жетістіктерін жалғастыруда. Федерер осы чемпионатта бір де бір сет ұтылмаған жалғыз теннисші.

Екі теннисші де жартылай финалдық ойындарын сенімді және аз уақыттың ішінде өткізуді жөн көрді. Жексенбілік финалдың алдында өздерінің барынша жақсы ойын деңгейіне шыға білгендіктерін дәлелдеген екі талантты теннисшілердің керемет финалына қайта тәнті боламыз. Ендігі ойындары өзара 42-ші кездесулері болады. Араларындағы есеп 21-20 Федерер пайдасында болып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл жолы сенсация әйелдер арасындағы сында болды. Өзінің кезекті чемпиондығына сенімді өтіп келе жатқан бірінші ракетка Серена Уильямс пен әлемнің екінші ракеткасы Симона Халеп ойламаған жерден жеңіліс тапты. Италяньдық теннисші Роберто Винчи Серенаға қарсы өте тиянақты ойын көрсетіп, жеңістің кілтін таба алды. Есеп 6-2, 4-6, 4-6. Осылайша, Роберто өзінің Үлкен дулыға деңгейіндегі сайыстарындағы алғашқы финалына шықты. Симона Халеп те италияның белді теннисші қызы Флавиа Пеннетаға ұтылды. Сөйтіп, бүгін өтетін Америка ашық чемпионатының ақтық сынына макарон мен моданың үздігі болып кеткен елдің нәзік жанды өкілдері шықты.

Тартысты кездесуді Қазақстан көрермендері «Еуроспорт» телеарнасы арқылы көру мүмкіндігіне ие болуда.