АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы Gorky Tennis Park теннис орталығында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан 2025 жылғы Ролан Гаррос турниріне іріктеу сайысының финалына шыққан теннисшілер анықталды.
Қазақстандықтар София Исакова мен Арсений Требухин финалға өтіп, соның нәтижесінде Жапонияда өтетін соңғы іріктеу жарысына жолдама алды.
Қазақстандық жартылай финалда Борис Шустердің қос шәкірті – С.Исакова мен Сәтима Төреген кездесті. София 6:1, 6:1 есебімен жеңіске жетіп, ертең соңғы бәсекеде ирандық Ясаман Язданимен шеберлік байқасады. Яздани тағы бір қазақстандық Альбина Кәкенованы жолдан тайдырды – 6:3, 6:3.
Бозбалалар арасында А.Требухин аса тартысты матчта иорданиялық Жабер Амирді тізе бүктірді – 6:4, 6:7 (2:7), 6:4. Арсений финалда өзбекстандық Ахмаджон Тошмұхамедовпен сынға түседі.
Осылайша, соңғы ойынның нәтижесіне қарамастан, финалға шыққан төрт теннисші Жапонияға барады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Колумбиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ, Анна Данилина Торонто турнирінің екінші айналымына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).