АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы Gorky Tennis Park теннис орталығында жасөспірімдер арасында 2025 жылғы Ролан Гаррос турниріне Орталық және Батыс Азия бойынша іріктеу сайысы аяқталды.
Қыздар арасында Алматы теннис мектебінің түлегі, 16 жастағы София Исакова жеңімпаз атанды.
С.Исакова финалда ирандық Ясаман Язданиды 6:0, 6:1 есебімен ойсырата жеңді. София осы дода барысында қарсыластарына бірде-бір сетті берген жоқ.
Бозбалалар арасында тағы бір қазақстандық Арсений Требухин шешуші бәсекеде өзбекстандық Ахмаджон Тошмұхамедовке жол берді – 6:7 (2:7), 2:6.
Осылайша, С.Исакова, Я.Яздани, А.Требухин және А.Тошмұхамедов биылғы 16-20 қазанда Жапонияда өтетін іріктеу турнирінің финалдық кезеңіне жолдама алды.
Мұнда финалистер 2025 жылғы Ролан Гаррос жарысына шақырту алады. Оған Жапония, Қытай, Корея, Аустралияның мықты жасөспірім теннисшілері қатысатындықтан бәсекелестік те жоғары болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 16 жастағы Әмір Омархановтың әлемнің 7-ракеткасымен жаттығу өткізгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).