Ролан Гаррос: Александр Бублик әлемнің 1-ракеткасына жол берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 62-ракеткасы Александр Бублик Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалынан тыс қалды.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін өзара төрт рет кездесіп, соның үшеуінде Я.Синнер жеңген еді.
Бұл жолы да Синнер мықтылығын мойындата білді – 6:1, 7:5, 6:0.
Бір сағат 50 минутқа созылған бәсекеде Бублик 5 эйс жасағанымен, екі брейк-пойнтты пайдалана алмады. Синнер 5 эйс, 6 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.
Янник Синнер финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, германиялық Александр Зверев немесе рейтингіде 6-орындағы сербиялық Новак Джоковичтің қай жеңгенімен таласады.
Италиялық теннисші «Үлкен дулыға» турнирлерінде қатарынан 19 матчта қарсыластарын қапы қалдырды.
А.Бублик әлемнің 1-ракеткасына жол бергенімен, Франция ашық чемпионатында алғаш рет ширек финалға дейін жетті.
Бублик жарыс қорытындысы бойынша 440 мың еуроға қоса 400 рейтингілік ұпайға ие болды.
Осы табысы арқасында қазіргі кезде қазақстандық теннисші ATP Live рейтингісінде 43-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарроста Анна Данилинаның жарыстың 1-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.