АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің финалына шықты.
Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жартылай финалда норвегиялық Ульрикке Эйкери – жапониялық Эри Ходзумимен соңғы бәсекенің жолдамасын сарапқа салды.
Қазақстандық-сербиялық жұп матчты брейкпен бастады – 2:0. Алайда қарсыластары таразы басын теңестіріп кетті – 3:3. Сосын тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:5).
Екіншісінде Данилина - Крунич есе қайырды - 6:3.
Үшінші, шешуші партияда жеңісті жұлып алды - 7:5.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Данилина - Крунич 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.
Анна Данилина - Александра Крунич финалда осы жарыстың 2-ракеткалары, италиялықтар Сара Эррани – Жасмин Паолини немесе ресейліктер Мирра Андреева – Диана Шнайдер жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарроста Данилинаның жарыстың 1-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).