Ролан Гаррос: Бублик сенсация жасап, алғаш рет үшінші айналымға өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 62-ракеткасы Александр Бублик Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші Франция ашық чемпионатындағы екінші кездесуін әлемнің 9-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минаурмен өткізді.
Бублик спорттық жолында осы кезге дейін Ролан Гарроста үшінші айналымға өтіп көрмеген еді.
Бастапқы екі партия 6:2 есебімен аустралиялық теннисшінің пайдасына шешілді. Үшінші сетте Бублик 3:0 есебімен алға шыққанымен, басымдылықты ұстап тұра алмады – 4:4. Дегенмен ол тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:4.
Төртінші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды – 3:1. Содан кейін сетті әдемі түйіндеді – 6:3.
Бублик бесінші, шешуші сетті брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:1. Сосын матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.
Екі сағат 52 минутқа созылған бәсекеде Бублик 12 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Аустралиялық спортшы 4 эйс, 6 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, А.Бублик Ролан Гаррос додасында алғаш рет үшінші айналымға жолдама алды.
Александр Бублик төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 19-ракеткасы, чехиялық, 19 жастағы Якуб Меншик немесе рейтингіде 200-сатыдағы португалиялық Энрике Рошаның қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Рыбакинаның үшінші айналымда 2017 жылғы чемпионмен ойнайтынын жазған болатынбыз.