Ролан Гаррос тарихында ең ұзаққа созылған матчта Алькарас чемпион атанды

Фото: championat.com/

АСТАНА. KAZINFORM — Франция астанасы Парижде теннистен Ролан Гаррос турнирі мәресіне жетті.

Ерлер арасында финалда әлемнің бірінші және екінші ракеткалары, италиялық Янник Синнер мен испаниялық Карлос Алькарас бас жүлдені сарапқа салды.

Бес сағат 29 минутқа созылған матчта К.Алькарас камбэк жасап, 4:6, 6:7 (4:7), 6:4, 7:6 (7:3), 7:6 (10:2) есебімен жеңіске жетті.

Карлос Алькарас Я.Синнердің «Үлкен дулыға» додаларында 20 ойынға созылған жеңіс сериясын тоқтатты.

Сонымен қатар бұл бәсеке Франция ашық чемпионатында ең ұзаққа созылған матч ретінде тіркелді. Бұдан бұрынғы рекорд Матс Виландер мен Гильермо Виласқа тиесілі еді. Олар 1982 жылғы финалда 4 сағат 42 минут бойы айқасқан еді.

Осылайша, испаниялық теннисші «Үлкен дулыға» турнирінің бес дүркін чемпионы атанды.

Я.Синнер осы Ролан Гарростың ширек финалында қазақстандық Александр Бубликті жеңген болатын.

Әйелдер арасында әлемнің 2-ракеткасы, америкалық Кори Гауфф үздік шықты. Ол финалда дүниежүзілік рейтингінің көшбасшысы, Беларусь өкілі Арина Соболенкодан айласын асырды – 6:7 (5:7), 6:2, 6:4.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина төртінші айналымда өткен жылғы чемпион, поляк Ига Швентекке жол берді.

Франция ашық чемпионаты биыл қазақстандықтар арасынан Анна Данилина үшін аса табысты болды. Ол жұптық сында сербиялық Александра Круничпен бірге финалға дейін жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ролан Гаррос турнирінің финалында есе жібергенін жазған болатынбыз.