ПАРИЖ. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін рейтингіде өзінен төрт саты жоғары тұрған америкалық, 2017 жылғы АҚШ чемпионы Слоан Стивенспен өткізді.
Осыған дейін қарсыластар өзара жеті рет кездесіп, соның төртеуінде Путинцева жеңген еді. Бірақ өткен жылы Франция ашық чемпионатының үшінші айналымында Стивенс ұтқан-ды.
Бұл жолы Юлия айқын басымдылық танытты - 6:1, 6:2. Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде ол 4 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ.
Юлия Путинцева үшінші айналымға өту үшін әлемнің 28-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултер немесе рейтингіде 139-сатыдағы испаниялық Паула Бадосаның қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).