АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 62-ракеткасы Александр Бублик Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 92-орында тұрған аустралиялық Джеймс Даквортпен кездесті.
А.Бублик үш сеттің бәрінде өзінің шеберлігі басым екендігін аңғартып отырды – 6:2, 6:4, 6:4.
Бір сағат 49 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 16 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін құр жіберген жоқ. Дакворт 2 эйс жасағанымен, 4 брейк-пойнттан пайда көрмеді.
Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, тағы бір аустралиялық Алекс де Минормен таласады.
Өткен жылы А.Бублик екінші айналыммен шектелген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Италиядағы турнирдің екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.
Александр Шевченко Ролан Гаррос турнирінің келесі айналымына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).