Ролан Гаррос турнирі: Александр Шевченко камбэкпен жеңіске жетті

Фото: Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.

Қазақстандық теннисші іріктеу додасының ширек финалында рейтингіде 157-орындағы жапониялық Шинтаро Мочизукиді камбэкпен тізе бүктірді.

Бірінші партияда жапониялық теннисші тай-брейкте сәтті ойнады — 7:6 (7:2).
Бұдан кейін Шевченко ойын тізгінін қолға ала білді — 6:2, 6:4.

Екі сағат 27 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Шевченко 5 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Мочизуки 2 эйс, 4 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді. 

Александр Шевченко іріктеу сайысының жартылай финалында рейтингіде 268-сатыдағы франциялық Матис Эрхардпен шеберлік таластырады. 

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 230-ракеткасы Бейбіт Жұқаев рейтингіде өзінен үш саты жоғары тұрған америкалық Закари Свайдаға жол берді — 5:7, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Дэвис кубогының іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған едік.