Ролан Гаррос турнирі: Алматыда іріктеу жарысының финалына қос қазақстандық шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда 16 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өтіп жатқан Roland Garros Junior Series by Renault — Qualifications West and Central Asia халықаралық іріктеу турнирі мәресіне жақындап келеді.

Фото: ҚТФ

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, «Gorky Tennis Park» кешенінің топырақ төсенішіндегі корттарында Орталық және Батыс Азия елдерінің үздік жас теннисшілері бақ сынап, олардың арасында финалға шыққандар анықталды. 

Ұлдар арасындағы бәсекеде бірінші орын үшін қазақстандық Родион Трайгель сынға түседі. Шешуші матчқа дейін ол алдымен сириялық Мухамад Эяд Салимді 6:3, 5:7, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Кейін отандасы Әмір Асқардан 6:2, 6:4 есебімен басым түсті.
Родионның финалдағы қарсыласы — Иран өкілі Киараш Садегизейди. Ол бұған дейін түрікменстандық Алы Гельдыев пен қазақстандық Бексұлтан Бауыржановты жеңді.

Қыздар арасындағы жарыста Қазақстаннан Алуа Марат сәтті өнер көрсетуде. Алуа алдымен Елизавета Нигматулинаны — 6:3, 6:3, одан кейін үш сетке созылған тартысты кездесуде Айым Қанағатованы 7:5, 5:7, 6:2 есебімен қапы қалдырды.

А.Марат финалда өзбекстандық Александра Бармичевамен бас жүлдені сарапқа салады. Өзбекстандық спортшы қазақстандықтар Әмина Нұрмахан мен Тәмина Сәкенді жолдан тайдырды. 

Жарыстың соңғы матчтары 22 тамызда өтеді. Ойын сағат 10.00-де басталады. Финалдық кездесулерден бөлек, қатысушылар қорытынды кестедегі өзге де орындар үшін кортқа шығады.

Іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін Roland Garros Junior Series финалдық кезеңіне жолдама алады

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда жасөспірімдер арасында Ролан Гаррос турнирінің іріктеу жарысы өтетінін жазған едік.