Ролан Гаррос турнирі: Анна Данилина екінші жыл қатарынан финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің финалына жолдама алды.

Фото: ҚТФ

Сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина жартылай финалда жапониялық Сюко Аояма — тайбэйлік Эн-Шуо Лянмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда жапониялық-тайбэйлік жұп 3:0 есебімен алға кеткенімен, Анна мен Александра таразы басын теңестірді — 4:4. Содан кейін өз пайдаларына шешті — 7:5.

Екінші сет 6:2 есебімен аяқталды. 

Бір сағат 33 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина — Крунич 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

Осылайша, екінші жыл қатарынан Франция ашық чемпионатының финалына шыққан А.Данилина — А.Крунич соңғы бәсекеде турнирдің 1-ракеткалары, чехиялық Катерина Синякова — америкалық Тейлор Таундсендпен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Қытайдағы жарыста азулы қарсыласын ұтқанын жазған едік