«Ролан Гаррос» турнирі: Юлия Путинцева екінші айналымға өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева (№76 WTA) Франция ашық чемпионатының екінші айналымына сәтті өтті. Бастапқы кездесуде отандасымыз әлемдік рейтингіде 58-орында тұрған Австралия өкілі Талия Гибсоннан басым түсті.

Фото: ҚТФ

Теннис федерациясы мәліметінше, тартысты өткен бәсеке 2 сағат пен 20 минутқа созылды. Алғашқы сетте есе жіберген Путинцева кейіннен нағыз мінез көрсетіп, ойын тізгінін өз қолына алды және келесі екі партияны айқын басымдықпен аяқтады – 4:6, 6:4, 6:1.

Париждегі «Үлкен дулыға» турнирінің келесі кезеңіне өту үшін Юлия Мария Осорио (Колумбия, №86 WTA) және Екатерина Александрова (Ресей, №14 WTA) арасындағы тартыстың жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Айта кетейік, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Франция ашық чемпионатының алғашқы айналымынан сүрінбей өтті.