АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ролан Гаррос» турнирінде қазақстандық, әлемнің 98-інші ракеткасы Юлия Путинцеваның келесі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қытай елінің өкілі, әлемнің 85-інші ракеткасы Ван Цян өзінен рейтингте әлдеқайда жоғары, 35-інші сатыда тұрған хорватиялық Петра Мартичті 6:1, 6:1 есебімен оңай жеңді. Матч бір сағатқа да жетпей, 53 минутқа созылды.
Міне, бұл - бабы келіссе, бәсекенің рейтингке қарамайтынының дәлелі.
Енді Юлия Путинцева мен Ван Цян төртінші айналымға шығу үшін өзара бәсекеге түседі. В.Цян өткен жылғы «Ролан Гаррос» турнирінде бірден атақты америкалық Винус Уильямсқа тап болып, алғашқы кездесуінде-ақ жеңілген болатын. Ал Путинцева үшінші айналымға дейін жеткен еді.
Биыл В.Цянның бірінші айналымда әлемнің 9-ыншы ракеткасы, дәл сол В.Уильямспен жолдары қайта тоқайласып, қытай қызы қарымта қайтара білді. Сондықтан ол оңай шағылатын жаңғақ емес.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Ролан Гаррос» турнирінде Зарина Диястың жарыс жолынан шығып қалғанын, ал Ю.Путинцеваның үшінші айналымға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).