Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, негізгі додада әйелдер арасында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, ерлерден Александр Бублик өнер көрсетеді.
Жұптық сында Андрей Голубев, Анна Данилина, Александр Недовесов, сондай-ақ А.Бублик пен Е.Рыбакина бақ сынайды.
Өткен жылы осы жарыста А.Голубев пен А.Бублик финалға дейін жетіп, франциялықтар Николя Маю - Пьер-Юг Эрберге есе жіберген еді - 6:4, 6:7 (1:7), 4:6. Е.Рыбакина да сәтті ойнап, ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге ширек финалға дейін жеткен болатын. Елена жекелей сында ширек финалда А.Павлюченковадан ұтылды - 7:6 (7:2), 2:6, 7:9.
Юлия Путинцева спорттық жолында екі рет ширек финалға дейін жетті.
Іріктеу сайыстарына Зарина Дияс, Дмитрий Попко және Тимофей Скатов қатысады. Жарақатынан емделіп жатқан Михаил Кукушкиннің қатысу-қатыспауы белгісіз.
Биылғы Ролан Гаррос турнирінің жалпы жүлде қоры - 43,6 млн еуро. Бірінші айналымда жеңіліс тапқандар 62 мың, чемпиондар 2,2 млн-ға дейін еуро табыс табады.
Негізгі жарыс матчтары 22 мамырда басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің Рим мастерс турнирінің финалына шыға алмай қалғанын, Шымкентте челленджер жарысы басталғанын жазған болатынбыз.