Ролан Гаррос турнирінде сәтті өнер көрсетсем деймін – Заңғар Нұрланұлы

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның талантты жас теннисшілерінің бірі – 16 жастағы Заңғар Нұрланұлы. Заңғар биыл өз спорттық жолында алғаш рет Аустралиядағы «Үлкен дулыға» турнирінде бақ сынады. Жас теннисші алдағы арман-мақсаты жөнінде Kazinform тілшісіне әңгімелеп берді.

- Заңғар, биыл жасөспірімдер арасында «Үлкен дулыға» турнирін Аустралиядан бастадың. Мельбурн корты қалай екен? 

- Әрине, бұл ерекше сәт еді, мен кезінде ұлы теннисшілер ойнаған кортқа шықтым. Аздап толқыдым, содан кейін мұнда кездейсоқ келмегенімді сезіндім. Мен әр матч сайын айрықша сезімді бастан кештім. 

- Australian Open жарысының бұрын өзің ойнаған турнирлерден айырмашылығы неде деп ойлайсың? 

- Бұл мектептен бірден университетке ауысқан кездегідей сәт (күледі). Өйткені «Үлкен дулыға» деген атауы-ақ айтып тұр ғой. Мұнда корт, ұйымдастыру, көрермендер – бәрі де жоғары деңгейде. Жасөспірімдер санаты болса да, өзіңді нағыз кәсіби ойыншы ретінде сезінесің. Күш-қуатыңды сарқып жұмсайсың, мінбедегі ахуал, камералар – бәрі жігерлендіреді. 

- Аустралияда әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Янник Синнермен бірге жаттықтың. Бұл қалай болып еді және ол несімен есте қалды? 

- Әлемдік рейтингі көшбасшысымен бірге жаттығу айрықша сезімге бөлейді. Янник әрдайым жауапкершілікті сезінеді, жаттығудың өзінде 100 пайыз күшін жұмсайды. Мені оның қарапайымдылығы, ұсақ-түйекке дейін мән беретіні сүйсіндірді. 

- Онымен жеке сөйлестің бе? Синнер ақыл-кеңесін берді ме?

- Иә, аздап тіл қатыстық. Ол үнемі жұмыс істеп, жаттығу керектігін айтып, табыс тіледі. Оның бұл сөздері жаныма жақты. 

- Аустралиядағы өз өнеріңді қалай бағалайсың? Неге қол жетті, әлі қандай бағытта жұмыс істеу керек?

- «Үлкен дулыға» турнирінде алғаш рет өнер көрсеткеніме қарамастан, жақсы ойнадым дей аламын. Сондай-ақ өзімнің кемшін жақтарымды да көрдім, онымен таяу уақытта жұмыс істеуім керек. Ең бастысы, үздіктермен тайталаса алатынымды сезіндім. Жұптық сында үндістандық Криш Тиаджимен бірге атақты Ллейтон Хьюиттің ұлы – Круз бен хорватиялық Дуйе Марковинаға қарсы ойнадық. Тартысты бәсеке үш сетке созылып, біз жеңісті жұлып алдық. Мінбеде халық толы болды, ахуал да соған сай еді. 

- Алда қандай жарыстар бар?

- Жасөспірімдер сынға түсетін J300 жәнеJ200 санатындағы бірнеше додада, сондай-ақ сәуір айында Шымкентте ересектер арасында ITF M15 турнирінде бақ сынаймын. Әрине, егер бәрі ойдағыдай болса, жасөспірімдер арасында 1-7 маусымда өтетін Ролан Гарросқа қатысамын. Бұл мен үшін екінші «Үлкен дулыға» болмақ. Сондықтан онда сәтті өнер көрсетіп, табысқа жеткім келеді. 

- Осы жылы алдыңа басқа қандай мақсаттар қойып отырсың?

- Жыл қорытындысымен ITF жасөспірімдер рейтингісінде ТОП-10-ға кіргім келеді, тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, титулдарға қол жеткізсем деймін. Бұл үшін бірақ көп жұмыс істеп, үзбей жаттығу керек. 

- Жеңілістерді қалай еңсересің? Өзіңе тән қалпына келу ұғымы бар ма? 

- Әр спортшы жеңіліске ұшырамай, жүре алмайды, бұл – спортшының ажырамас бөлігі. Мен әр жеңілісті сабақ ретінде түсінемін. Сабырға келіп, көңіл-күйімді ретке келтіру үшін өзіме азырақ уақыт беремін – бұл қалыпты жағдай. Содан кейін талдау жасаймын: қалай болды, қай жағын жақсарту керек. 

- Ұлы атану үшін теннисші не істеу керек деп есептейсің?

- Меніңше, ұлы атану үшін титулдардың көптігі жеткіліксіз, сонымен қатар оның мінезі, еңбекқорлығы, қарсыласқа құрметі, ойынның ең соңына дейін берілмей, тайталасу, соған қарамастан, қарапайым болып қалу үлкен рөл атқарады.

- Әзірге қандай матч ерекше есте қалды?

- 2022 жылы Париждегі жасөспірімдер арасында беделді Tennis Europe Tim Essonne турниріндегі жеңіс. Финалда жергілікті теннисшіні ұттым, бірінші сетті беріп қойғанмен, камбэк жасап, қалған екі партияны алдым. Жасөспірімдер арасында өткеніне қарамастан, ұйымдастыру деңгейі жоғары болды. Франциялық теннисші ойнағандықтан, халық көп жиналып, оған қолдау көрсетті. Мен де аянып қалмадым.

- Қазіргі таңдағы кез келген теннисшімен көрме матчын ойнауға мүмкіндік туса, оны кіммен бірге өткізер едің? 

- Мен Новак Джоковичті таңдар едім. Ол – менің бала күннен пірім. Новактың ойын стилі, кортта жеп-жеңіл қимылдауы, корттан тыс кездегі тәртібі – бәрі ерекше. Онымен кортта бетпе-бет тұрудың өзі құрмет дер едім. 

- Соңғы сауал, бос уақытта немен айналысасың?

- Теннистен қол босаған уақытта өз отбасыңмен немесе достарыңмен бірге болып, киноға барып, шахмат ойнап немесе жай серуендеудің өзі бақыт деп едім. Кейде кітап оқып, тартысты матчтарды көргенді жаным сүйеді. Бұл тынығуға септеседі. Дегенмен жаттығу мен жарыстан қол үзуге болмайды, онда қалыпты дағдыңнан айырылып қаласың.

- Әңгімеңе рахмет. Спорттық жолыңда табыс тілеймін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының «Үлкен дулыға» турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

16 жастағы Заңғар Нұрланұлы әлемнің 1-ракеткасымен бірге жаттықты.