АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы Gorky Tennis Park орталығы корттарында жасөспірімдер арасында Батыс және Орталық Азия бойынша Ролан Гарростың іріктеуі турнирі өтіп жатыр.
Азия және Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен екінші рет ұйымдастырылған жарыста қазақстандық жас спортшылар өз топтарында екі жеңістен қол жеткізді.
Осылайша, Родион Трайгель, Аңсар Ниетқалиев, Мансұр Сайынов, Еркежан Жаңатаева, Каролина Лигай, Алисса Королева, Гауһар Ақтан және Әдия Омарбек мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алды.
Бүгін топтық бәсекелердің соңғы кездесулерінде ширек финалға шыққандар толықтай анықталады.
Жарыс финалистері қазан айында Жапонияда өтетін іріктеу турниріне қатысып, 2026 жылғы Ролан Гарросқа берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы жарысты сәтті бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Цинциннати мастерс турнирінде Александр Шевченко іріктеу сайысының финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).