Ролан Гарростың іріктеу турнирінде Қазақстаннан жартылай финалға кімдер шықты

Фото: ҚТФ

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы Gorky Tennis Park орталығында жасөспірімдер арасында Батыс және Орталық Азия бойынша өтіп жатқан Ролан Гарростың іріктеу турнирінде жартылай финалға өткендер анықталды. 

Еркежан Жаңатаева ширек финалда Гауһар Ақтанды 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Еркежан финалға шығу үшін түркменстандық Илима Гусейновамен таласады. Ол Софья Малышеваны жолдан тайдырды – 6:1, 6:1.

Алиса Королёва үш сағатқа созылған аса тартысты бәсекеде Каролина Легайды жеңді - 6:7 (1:7), 7:6 (7:2), 6:4. Жартылай финалда Алиса Әдия Омарбекпен кездеседі.

Әдия өзбекстандық Кейра Кимнен айласын асырды - 6:2, 6:4.

Ұлдар арасында Ратмир Пулькевичті 6:4, 6:1 есебімен жеңген Мансұр Сайынов жартылай финалда өзбекстандық Алан Зинатулинмен шеберлік байқасады. 

Абдурахмон Каримовты 3:6, 6:1, 6:4 есебімен қапы қалдырған Аңсар Ниетқалиев тағы бір өзбекстандық Акмал Абдуллаевпен сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарростың іріктеу турнирінде қазақстандық жас теннисшілердің ширек финалға шыққанын жазған едік. 

Сондай-ақ Елена Рыбакина Монреаль турнирінің финалына бір қадам жетпей тоқтады.